Көгілдір отынмен қамту үлесінің артуы мен балама қуат көздерінің дамуы отандық энергетика нарығында көмірге деген сұраныстың азаюына алып келді. Әйтсе де қатты отынның бұл түрін кәдеге жаратудың басқа да амалдары аз емес. Айталық, ресми сандарға жүгінсек, былтыр қаңтар-желтоқсан аралығында елімізде көмірден 3 млн 797 мың тонна көлемінде кокс өнімі өндірілді. Сөйте тұра 2016-2020 жылдар кезеңінде Қазақстанға 4 млн 500 мың тоннадан артық кокс импортталды.
Өңдеуден 400-ден астам өнім алуға болады
Демек, еліміздегі тау-кен кәсіпорындарында аталған өнімге тапшылық байқалып отырғанын, сондай-ақ оны сырттан қымбат бағаға алуға мәжбүр екенін аңғаруға болады. Сала мамандарының айтуынша, көмірді ұқыпты өңдеу арқылы одан жасанды графит, нафталин және антрацен сынды пайдалы өнімдер өндіруге болады. Сол секілді қатты отынның күлі, оны өндіру мен өңдеуде алынатын қалдық құрылыс материалдары, керамика, отқа төзімді шикізат, сазтопырақ және қажақ өндірісінде қолдануға жарамды. Тұтастай алғанда, көмірді қайта өңдеу ісі 400-ден астам түрлі өнімнің өндірісіне жол ашады. Энергетиктердің сөзіне сүйенсек, олардың құны көмірдің құнынан шамамен 20-25 есе жоғары. Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының мәліметіне сәйкес, қазір көмірден қосылған құны жоғары өнім өндірісін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кәсіпорны жолға қойыпты. Дәлірек айтқанда, кәсіпорында кокс, нафталин, пек, сольвент, аммоний сульфаты және домна қалдығы шығарылады.
Болашақта «Шұбаркөл Көмір» АҚ және «Қаражыра» АҚ қосылған құны жоғары көмір өнімдерінің жаңа түрлерін өндіруді көздеп отыр. Сонымен қоса, басқа да ірі көмір компаниялары көмір сапасын арттыруға байланысты жобаларды іске асыруды жоспарлауда.
Энергетиктер көмір-химия саласының дамуы қатты отынның сапасын жақсартуға ықпал ететініне сенімді. Мәселен, Ұлыбританияда түтінсіз жанатын көмірді өндіру тәсілдері зерттеліп, оны жағу кезінде атмосфераға зиянды шығарынды таратпаудың технологиясы меңгерілді.
«Көмір шикізатының маңыздылығын ескеруіміз қажет. Неге десеңіз, еліміздегі жылу электр стансаларында электр энергиясының шамамен 70%-ы көмірді жағу арқылы өндіріледі. Бұл халыққа арзан тарифтерді қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр», деді Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец. Сала өкілдері кейбір шетелдік нарықтарда көмірге сұраныстың төмендеуіне байланысты, сол секілді Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлерін газдандыру жөніндегі жоспары мен көмірді экологиялық тұрғыда пайдалану маңыздылығына сәйкес, көмір химиясы әрі кокс-химия өндірісін дамыту арқылы көмірден келесі бөліністерді өндіру қажеттілігі туындап отырғанын айтты.
Мемлекеттік қолдау қарастырылу керек
«Қазақстандағы көмірді өңдеу саласының кенжелеп қалуы тиісті жобаларды іске асырудың қымбаттылығы мен мемлекеттік қолдаудың жоқтығымен байланысты. Сол себепті 34 млрд тонна көлеміндегі көмірдің үлкен қорына немесе әлемдік көмір қорының 4%-ына ие бола отырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және бюджетке салық түсімдерінің қосымша ағынына ықпал ететін жоғары бөліністегі көмір өнімдері өндірісін қолдау стратегиялық тұрғыда маңызды», деді Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директорының орынбасары Максим Кононов.
Көмір өндірушілер өңдеу саласын дамыту үшін мемлекет тарапынан экономикалық ынталандыру тетіктері қарастырылу керек деп санайды. Өйткені мемлекеттік қолдаусыз көмірден жасалатын өнім көлемін арттыру қиынға соғады. Қатты отыннан өңделетін өнім түрлері жаңа нарықтарға шығуға, сондай-ақ импортты алмастырумен қатар экспорттық әлеуетті арттыруға жол ашады деді мамандар.
Бұл ретте сала өкілдері көршілес елдердің тәжірибесіне жүгінген артық болмайды деген ойда. Айталық, Ресейде көмір өнеркәсібін дамыту бағдарламасы аясында көмір өнеркәсібінің перспективалы бағыты ретінде өңірлердегі көмірді терең өңдеуге басымдық берілген. Сондай-ақ ресейлік бағдарламада инвестицияларды қайтарудың жобалық мерзіміне салықтық жеңілдіктер беру арқылы (кластерлеу, көмірді қайта өңдеудің жаңа орталықтарын құру) көмірді терең өңдеуді (жартылай кокстеу, газдандыру, синтетикалық сұйық отын) ынталандыру қарастырылса керек.
Өңдеу ісі инвестициялық тізімге енгізілді
Салалық қауымдастық өкілдері былтыр аталған мәселеге байланысты мемлекеттік органдардың қатысуымен бірнеше кездесу ұйымдастырылғанын жеткізді. Ұйым тарапынан үшінші елдерге көмір экспортын азайтуды ынталандыру үшін қара отыннан дайындалатын жаңа өнімдерді дамытудың маңыздылығы ұсыныс ретінде айтылыпты. Оның нәтижесінде былтыр соңғы тоқсанның аяғында Үкіметтің қаулысына сәйкес, көмірді өндіру мен байыту саласы Сыртқы істер министрлігі әзірлеген инвестициялық жобалардың тізбесіне енгізілді. «Демек, инвестициялық жобаларды іске асыру қомақты қаражатты талап ететінін ескерсек, көмірді өндіру мен байыту ісі басымдық берілген жобалар тізіміне қосылуы өңдеу өндірісін дамытуға және отандық компаниялардың жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік береді», дейді көмір өндіруші ұйым өкілдері. Осыған байланысты «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «АрселорМиталл Теміртау» АҚ, «Қаражыра» АҚ және «Майкубен-Вест» кәсіпорындары көмірден дайындалатын жоғары бөліністерді өндіруге арналған инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлауда. Көмірден жаңа өнім түрлерін өндіру жобаларының жоғарыдағы тізімге енгізілуі аталған кәсіпорындардың жоспарларын іске асыруға мүмкіндік беріп, көмір өнеркәсібінің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етпек.
Жақсылық Мұратқали