Экологиялық кодекс: Өнеркәсіптегі «жасыл» бетбұрыс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе екенін, сондай-ақ бұл бағыт өркениетті мемлекеттерде мықтап қолға алынғанын айта келе осы жаппай үрдістен шет қалуға болмайтынын жеткізген еді. Осыған байланысты биылдан бастап елімізде жаңа Экологиялық кодекс күшіне енген болатын.

Төмен көміртекті экономикалық даму – қазір көптеген мемлекет алға қойған негізгі мақсаттың бірі. Осы ба­ғытқа Қазақстан да көңіл бөліп, «жасыл өсімге» қарай бет бұрғанын айта кет­кен орынды. Оның нақты көрінісі жаңа­дан қабылданған Экологиялық кодекстен табылып отыр. Жер көлемі жағынан тоғыздыққа кіретін еліміз үшін қоршаған ортаға қатысты проблемалар қашан да өзекті. Себебі ұлттық экономиканың жүйе құраушы секторы табиғи ресурстарға тәуелді екені мәлім.

Бұл орайда жаңа заңның енгізілуі­мен тау-кен өнеркәсібін қандай өзгерістер күтіп тұрғаны ойландырады. Мәселен, табиғатты қорғауға арналған реформа­ның аясында қоршаған ортаны ластайтын өнеркәсіптік кәсіпорындардың «лас­таушы төлейді» қағидасы негізінде жауап­кершілігі күшейтілді. Егер де бұ­рынғы экологиялық саясатта эмис­сиялық төлемдерге басымдық берілсе, жаңа заңнамада озық технологияларды енгізуге көбірек көңіл бөлінген. Сон­дықтан да өндірістік ұйымдарға қомақты айыппұлды төлегеннен гөрі экология­лық технологияларға көшкен әлдеқайда тиімді.

Жаңа редакциядағы Кодекстің бас­ты нормасы да озық технологияларды енгізу қажеттілігіне қатысты. Соған сәйкес бұл талапты орындау мерзімі 2025 жылға қарай белгіленіп, 10 жылға созылатынын айта кету керек. Осы нор­маны жүзеге асырған кәсіпорындар эмиссиялық төлемдерден босатылса, оны елемеген компанияларға керісін­ше жоғары мөлшердегі экологиялық төлем­дерді өтеуге тура келеді. Ал бұл төлемдер үш жылда бір рет екі-үш есеге өсетінін ескерте кетейік.

Сондай-ақ аталған реформада зиянды қалдықтардың шығатын көзін онлайн режімде бақылауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйені енгізу, экологиялық төлемдерді табиғат қорғау шараларына 100%-ды деңгейде бағыттау, сол секілді қоршаған ортаға әсерді баға­лау және нормалау саласындағы тетікті өзгерту қарастырылған.                                                         

«Жасыл экономика» қағидаттарын жүзеге асыруда

Тау-кен кәсіпорындары қазір «жасыл экономика» қағидаттарын іске асыруға кірісіп, қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға байланысты ауқымды жұмысты жүргізіп жатқанын атап өткен жөн. Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігінің ақпаратына сүйенсек, Ақтөбе облысындағы ферроқорытпа зауытында цехтарды жаңғыртуға арналған жоба қолға алынды. Оның нәтижесінде 2022 жылдың соңына қарай зиянды қалдықтың көлемі 30%-ға азаяды деп болжануда. Арнайы меморандумға сәйкес Қарағанды өңірінде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы 2025 жылға дейін ауаға тарайтын қалдықтардың көлемін 30%-ға дейін төмендетуге уәде беріп, Теміртаудың айналасында 500 түп ағаш отырғызатындарын жет­кізді. Шығыс Қазақстандағы «Қаз­мырыш» кәсіпорнында тиісті меморандум бойынша атмосфераға тарайтын қалдық­тың мөлшері 20%-ға азаяды деп күтіліп отыр.

Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының мәліметі бойынша бүгінде бірқатар ірі кәсіпорын кешенді технологиялық аудиттен өтті. 2023 жылға қарай озық технологияларға байланысты анық­та­малықтар әзірленеді деп болжану­да. Бірінші кезекте жоғарыда атал­ған технологияларға еліміздегі эмиссия­лар­дың 80%-ын шығаратын ең ірі 50 кәсіп­орын көшеді. Оның ішінде тау-кен металлургия, жылу энергетикасы, сондай-ақ мұнай-газ және химия өнеркәсібі кәсіпорындары бар. Олар 2025 жылға дейін кешенді экологиялық рұқсат алуы тиіс.

Таяуда өткен Green Energy & Waste Recycling Forum еуразиялық бизнес-форумында Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы басқармасы төрағасының орынбасары Елена Қуанбаева айтқан­­дай, озық технологиялардың анықтамалы­­­ғы зиянды қалдықтарды азайтуға байланысты шарттарды айқындайды. Бы­лайша айтқанда, бұл кәсіпорындарға эко­логиялық көрсеткішті жақсартудың тиім­ді бағыт-бағдарын сілтейтін нұсқау­лық десек те болады. Оның циклі Эко­ло­гиялық кодекспен белгіленген және 8 жыл­ды құрайды. Анықтамалықтың әрбір нұсқасы кез келген ресурсты мейілінше үнемді пайдалануға бағыттайды. Демек, шикізаттың қажетті мөлшерін ғана тұтынуды қамтамасыз етіп, одан шығатын қалдық қайта өңдеуге жіберілуі тиіс.

Көміртегі салығының экспортқа әсері

Алайда өнеркәсіпті экологиялық тұр­ғыда жаңғырту, сондай-ақ озық технологияларға көшу – тау-кен өн­ді­ру­­­шілердің жақын уақытта тап бола­т­ын жалғыз мәселесі емес. Айталық, Еуро­па­лық одақ жаһандық жылынудың алдын алуға арналған бірізді сая­сатты жүзеге асырып, 2050 жылға қа­рай кәрі құрлық­ты көмірсутегінен та­зар­тудың көздеп отырғаны белгілі. Пар­ник газдарының шығарынын есепке алып, оларды азайту – Еуропа елдерінің тө­мен көміртекті экономикалық дамуға бағыт­талған не­гіз­гі ұстанымы. Бұл орайда 2023 жыл­дан ­бастап еуропалықтар «Кө­мір­тегі са­лығын» қабылдауды жоспар­лап отыр­ғанын атап өткен жөн.

«Отандық өнімнің көптеген түрі Еуропаға шығарылатынын ескерсек, әлбетте бұл Қазақстанның тау-кен секторы үшін айтарлықтай тәуекел тудырады. Мысалы, елімізден Еуропалық одаққа мыс, күміс, ферроқорытпа, алюминий, титан және қорғасын экспортталады. Былтырғы экспорттың жалпы көлемі 1 млрд доллардан асқан болатын», деді Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директорының орынбасары Максим Кононов.

Қауымдастық өкілінің айтуынша, көміртегі салығы өнімі Еуропа нарығы­на бағытталған отандық өндірушілерге айтар­лықтай әсер етіп, үлкен қаржылық шығындарға соқтыруы мүмкін. Бірақ та бұл шығынның мөлшерін әзірге анықтау қиын, өйткені салықты есептеу әдісі әлі толық аяқталмаған.

Осылайша, Қазақстанның кеншілері мен металлургтерінің басына бұлт үйі­ріліп отыр. Неге десеңіз, металл өнім­де­рінің «Көміртегі салығы» тізбесіне түсу тәуе­к­елі жоғары болғандықтан отан­дық өнді­рушілердің бәсекеге қабілеттілігі ­айта­р­­­лықтай төмендей түседі.

Заңды еуропалық жүйемен сәйкестендіру қажет

М.Кононовтың пікіріне сүйенсек, қа­лыптасқан жағдайдан шығудың амалы бар. Салалық қауымдастық қа­зақ­­стандық заңнаманы Еуропаның көмі­ртегі қалдықтары квоталарының сауда жүйе­сіне интеграциялауды ұсынып отыр. Десе де «Көміртегі салығының» теріс эко­но­микалық әсерін толығымен еңсеру мүмкін емес екенін де жоққа шығар­майды.

Осындай кезеңде қазақстандық тау-кен саласының бәсекеге қабілеттілігін сақтау үшін уәкілетті органдар мен бизнес арасында тиімді диалог құру аса маңызды. Себебі ЕО нарығына арналған отандық өнімдердің тасымалы қысқаруы ғажап емес. Сондықтан да осы индустриядағы кәсіпорындарды тұрақты инвестиция­лық, салықтық және тарифтік саясат­пен қамтыған артық етпейді. Бұл арқы­лы қазақстандық өндірушілер инвес­тициялық жобаларды іске асыруға, сол секілді жаңа технологиялық және эко­логиялық талаптарға сәйкес келуге мүм­кіндік алады деді сала өкілдері.

Жақсылық Мұратқали

Поделиться в facebook
Facebook
Поделиться в twitter
Twitter
Поделиться в telegram
Telegram
Поделиться в whatsapp
WhatsApp
Поделиться в odnoklassniki
OK
Поделиться в vk
VK
Ad

Другие новости

Оставьте комментарий