Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі әрбір өнеркәсіп өнімін барынша тереңдетіп өңдеу және қоршаған ортаға зиянын тигізбей өндіру қажеттігін тапсырғаны белгілі. «Шұбаркөл көмір» АҚ – дәл осындай талап үдесінен шыққан кәсіпорынның бірі. Бір өнімді тереңдете өңдеп, одан елге аса қажет бірнеше қат дүние шығарып отырған кәсіпорын болашағынан көп үміт күттіреді.
Жақында еліміздің көмір өнеркәсібі орындарының IV форумы өткені белгілі. «Шұбаркөл көмір» өндіріс ошағының ұжым басшылығы да аталған дәстүрлі іс-шараға қатысып, өз жетістіктерін жариялады. Табысты әріптестерімен ой бөлісіп, тың тәжірибелермен алмасты.
«Шұбаркөл көмір» – өзінің сипаттамалары бойынша бірегей, сапасы жоғары жылу көмірін өндіретін ірі кешендердің бірі. Компания өндіріс көлемінің тұрақты өсімін жыл сайын жалғастырып келеді. Өнеркәсіптің жоспарына елге пайдалы жаңалықтар ашу мен тау-кен өндіру көлемін жыл сайын ұлғайту кіреді екен.
Көмірді тереңдетіп өңдеу бағдарламасы
«Шұбаркөл көмірде негізгі өндіріспен қатар көмірді терең өңдеу бағдарламасы бар. Өндірісті әртараптандырудың бірінші кезеңі 2006 жылы «Шұбаркөл көмір» өнеркәсіп алаңында төмен температуралы құрғақ айдау технологиясы бойынша арнайы кокс өндіретін зауыттың іске қосылуымен басталды. Зауыттың жалпы өндірістік қуаты 210 мың тонна өнімді құрады. Айта кету керек, бұл арнайы кокс өндірісі Қазақстан үшін бірегей және әзірге аналогі жоқ», деді «Шұбаркөл көмір» АҚ кокс өндірісінің директоры Сабыржан Иманбаев.
Баршаға белгілі, затты қалпына келтіруде арнайы кокс – ең жоғарғы сұранысқа ие өнімдердің бірі. Қазақстанның арнайы коксқа деген сұранысы еліміздің тау-кен металлургиялық кәсіпорындары қауымдастығының мәліметтері бойынша жылына 1 миллион тоннадан асады. Арнайы кокстың басым бөлігі Ресейден, сондай-ақ Қытайдан импортталып әкелінеді. Оның әр тоннасының бағасы 68 мың теңгеден асып жығылады.
«Екі жыл бұрын болған Көмір өнеркәсіптерінің форумында кәсіпорын орнында арнайы кокс шығаратын жаңа зауыттың құрылысы басталғанын айттық. Зауыттың қуаттылығы жылына 400 мың тонна өнімді құрайды. Жобаға салынған инвестиция – 40 млрд теңге шамасында. Негізгі өнімге қосымша ретінде жылына 72 000 тонна көмір шайыры мен көмір майын өндіру де жоспарланған. Өндіріске шикізат ретінде Шұбаркөл кенішінің D сортты көмірі алынады», деді кәсіпорын директоры.
Бұл кәсіпорында өндіріс қауіпсіздігін және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететін ең заманауи технологиялар мен автоматика қолданылады. Оның бәрі Қазақстан заңнамасының барлық нормасына толық сәйкес келеді. Ал көмір шайырының бір тоннасының құны 80 мың теңгеге жуықтаса, көмір майының бір тоннасының бағасы 46 мың теңгеден асады екен.
Жаңа зауыттың құрылысы – ERG-дің импортты алмастыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға қосқан үлесі. Осылайша, компания Еуразиялық Топ өндіретін феррохромдағы қазақстандық компоненттің пайызын арттырады.
Зауыт ERG кәсіпорындарының ішкі қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар өнімді экспорттау мүмкіндігін қарастырады. Зауыт биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Мұнда жаңадан 120 жұмыс орны ашылады.
Өндіріс өзін электр қуатымен қамтиды
«Арнайы кокс өндірісінің қосымша өнімі кокс газы. Ол тағы бір жаңа жобаны – «Кәдеге жарату электр стансасының құрылысын» жүзеге асыруға негіз болуға тиіс. Жобаның негізгі мақсаты – желіге электр қуатын беру мүмкіндігімен артық калориялы кокс газын кәдеге жарату арқылы Шұбаркөл көмірдің қажеттіліктері үшін электр энергиясын өндіру. Электр стансасының болжамды қуаты – 80 МВт», деді С.Иманбаев.
Бұл жоба бойынша атмосфераға парниктік газдар шығарындыларын азайтудың арқасында экологиялық мәселе шешімін табады. Сондай-ақ электр энергиясын өндіретін электр стансаларында ілеспе кокс газын пайдалану арқылы қосымша пайда алуға қол жеткізіледі. Электр стансасы заманауи, тиімділігі жоғары генерациялау технологияларын қолдану арқылы тұрғызылады. Қазіргі уақытта әзірленген ТЭН негізінде электр энергиясын өндірудің оңтайлы нұсқасын таңдап, оны еліміздің энергетикалық жүйесіне беру жүзеге асырылып жатыр.
Отандық технологтердің табысы
«Бүгінде «Шұбаркөл көмір» базасында жүзеге асырылып жатқан тағы бір ауқымды жоба – отандық технологтер әзірлеген технология бойынша кокс цехы базасында арнайы кокс ұсақтарынан белсендірілген көмір өндіруді жалғастыру. Нысанның өндірістік қуаты жылына 1 000 тонна белсендірілген көмірді құрайды. Кәсіпорын жаңа және ТМД елдерінің аумағында баламасы жоқ. Белсендірілген көмірдің қолдану аясы өте кең: гидрометаллургиялық, алтын өндіру, фосфат өнеркәсібі, су тазарту, тағы да басқа салаларда.
Расында, оған сұраныс жоғары (жылына 7 мың тоннадан астам) барлық белсендірілген көмір Қазақстанға шетелден импортталады. Сондықтан біз импортты алмастырудың негізгі мәселесін осы өнімді шығару арқылы шешуді көздеп отырмыз», деп сөзін жалғады баяндамашы.
Арнайы кокс ұнтақтарынан белсендірілген көмір өндіру диверсификацияның екінші кезеңі екенін атап өткен жөн. Сонда өндіріс ошағы қосылған құны көмірдің бағасынан екі есе жоғары өнім шығарады. Нарықта белсендірілген көмірдің бір килосы – 500 теңге шамасында.
Экологиялық таза тыңайтқыш
Кәсіпорын жақында тағы бір өнім шығара бастады. Оның шикізаты – Шұбаркөл кен орнының көмірі. Бұл – гуматтар ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылатын, құнарының пайдасы дәлелденген тыңайтқыштар. Гуминді тыңайтқыш (натрий гуматы) Шұбаркөл кен орнының тозған көмірінен алынады. Оның құрамында органикалық заттары бойынша 91%-ға дейін гумин қышқылдары бар.
Бұл – қоқыстарды кәдеге жарату мәселесін шешуге көмектесетін маңызды экологиялық жоба. Өйткені бұрын тозған көмір үйінділерде сақталып, жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. Гуминді тыңайтқыштың бір литрінің нарықтағы бағасы 400 теңгеден асады.
Алынған өнім ауылшаруашылық нарығында ең сұранысқа ие қажеттіліктің біріне айналады. Аталған өнеркәсіп бұл өнімін Астана мен Алматыда өткен мамандандырылған көрмелерде шаруаларға кеңінен таныстырған еді.
Тағы бір тың жоба
«Қазір көмірді терең өңдеудің тағы бір бағытын – көмір шайырының қалдықтарынан көміртекті талшықты өндіруді қарастырып жатырмыз. Көміртекті талшықтың негізгі қолданылуы әскери және аэроғарыш өнеркәсібінде (жеңіл ұшақтар өндірісінде), автомобильдер, оқшаулағыш материалдар, жоғары температуралық сүзгілер өндірісінде, спорт саласында (таяқтар, ракеткалар, шаңғылар, ескектер және тағы да басқалары) құрылыс саласында (арматура және рамалық көпірлерді өндіру) және тағы басқа заттар шығаруда қолданылады», деп сөзін түйіндеді С.Иманбаев.
Ол сондай-ақ «Жаңа энергетикалық парадигма жағдайында көмір саласын дамыту мүмкіндіктері» тақырыбында өткен форумды ұйымдастыруға қолдау білдіріп, іс-шараға ұйытқы болған ERG және «Богатырь Көмір» ЖШС ұжымдарына алғысын айтты.
«Шұбаркөл көмір» негізгі қызметі – жоғары сапалы көмір өндіру көлемін ұлғайтып қана қоймай, өндірісті әртараптандыруды және көмірден жаңа өнім алу тәжірибесін одан әрі жалғастыра беру.
Осындай ауқымды жобалардың сәтті жүзеге асуы кәсіпорында жаңа жұмыс орындарын ашып, ел экономикасына қомақты үлес қосатыны анық.
Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ
https://egemen.kz/article/346613-importty-almastyratyn-otandyq-onimder