Алтын бағасы аспандап тұр

Былтыр алтынның əлемдік өндірісі 3300 метрикалық тоннаны құрады. Мұндай дерек германиялық Statista онлайн-порталының есебінде келтірілген. Алайда Metals Focus консалтингтік компанияның болжамынша, COVID-19 пандемиясының салдарынан биылғы көрсеткіш 3,500 мың тоннаға да жетпеуі мүмкін. Дегенмен бағалы металдың жоғары құны шикізат өндірушілеріне жақсы табыс əкеледі деп топшылап отыр сарапшылар.

Қызылдың өндірістік циклі 2047 жылға дейін жетеді

Алтын өндірушілердің əлемдік көшін Қытай мемлекеті бастап тұр. Аспан асты елінен кейін Австралия, Ресей жəне АҚШ жайғасқан. Жаһандық рейтингте Қазақстан Өзбекстанмен бірге Гана жəне Мексика елдерінен кейін ондықты түйіндеген. Statista-ның есебіне сүйенсек, соңғы үш жылда елімізде 269 метрикалық тонна көлемінде алтын өндірілді. Бағалы шикізаттың өндірісі əсіресе еліміздің шығыс аймағында жолға қойылған. Дəлірек айтқанда, Жарма ауданындағы Бақыршық тау-кен кəсіпорнының іске қосылуы отандық кен металлургия кешеніне тың серпін берді. Бұл аймақта жер қойнауын ресейлік Polymetal компаниясы игеріп келеді. Жаһандық экономикадағы тектоникалық өзгерістер мен коронавирустық пандемияға қарамастан шетелдік инвестордың ұпайы түгел. 1-ші тоқсандағы  өндірістік индикаторларға тоқталсақ, өнім көлемі 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5% — ға өсіп, 391 мың унция алтын өндірілді. Оң динамика Шығыс Қазақстандағы Қызыл, Қостанай облысындағы Варваринск, сондай-ақ Омолон жəне  Воронцовск кен орындарында байқалды. Кіріс мөлшері былтырғы сəйкес кезеңмен салыстырғанда 9% — ға артып, 494 млн долларды құрады. Бұған алтын бағасының өсуі əсер еткен. Дегенмен коронавирустың таралуы салдарынан Қытайға концентратты жеткізу мəселесі бəсеңдеп, сату көлемі 7% — ға қысқарды. Маусымдық жанар-жағармайды сатып алу мен басқа да шығындардың өсуіне байланысты таза қарыз 1,66 млрд долларға ұлғайды. Десе де жылдың екінші жартжылдығында маусымдық өндіріс бұрынғыдай жанданып, айналымдағы қаражаттың қысқару есебінен еркін ақша ағыны қалыпқа келеді деген сенімде компания өкілдері.

«Полиметалл» көлемі 1,6 млн унция алтынды құрайтын 2020 жылға арналған  өндірістік жоспарды растайды. Басқарма жыл басынан бері ресейлік рубльдің жəне қазақстандық теңге бағамының əлсіреуін назарда ұстап отыр. Алайда жаһандық экономиканың тұрақсыздығына байланысты Polymetal жылдық ақшалай шығын болжамын унциясына

650-700 доллар көлемінде жəне жиынтық ақшалай шығынды  унциясына 850-900 доллар мөлшерінде ұстанады. Болжам 1-ші жартыжылдықтың қорытындылары жарияланған кезде қайта қаралады.

Компания бастапқыдағы дивидендтік саясатты ұстануды жалғастырады жəне 2019 жылға белгіленген шешімді өзгеріссіз қалдырады. Яғни  акциясына 0,42 доллар немесе 197 млн доллар мөлшеріндегі дивиденд 2020 жылдың 29-шы мамырында  төленеді. 2019 жылға төленуі тиіс дивидендтердің жалпы көлемі акциясына 0,82 доллар немесе жиынтық мөлшері 385 млн долларды құрайды», — делінген компания таратқан ақпаратта.

Өндірілген 391 мың унция алтынның 109 мың унциясы Шығыстағы Қызыл кен орнына тиесілі. Бұл жер қойнауындағы қазба байлықтың қоры 264 метрикалық тоннадан артық деп бағалануда. Кендегі алтынның орташа мөлшері тоннасына 6,3 грамм. Қызыл -әлемдік деңгейдегі сирек кездесетін кен орны. Соңғы бағалауға сәйкес, оның өндірістік циклі 2047 жылға дейін жетуге қауқарлы. Аталған аймақта саф алтын көп кездесе бермейді. Мұнда бағалы металл сульфидті қосындылардан алынады. 

Юниорлық компаниялар дағдарысты бірінші сезеді

Австралия, АҚШ және Ресейде пайдалы қазбалардың өндірісі  үзілмей жалғасып жатыр. Əйтсе де  жаһандағы ахуал сағаттап өзгеретіндіктен, енгізілген шектеулер өндірістің тежелуіне алып келді.

«Бұл кезеңнің әлемдік сұранысқа қалай əсер ететінін бағалау қиын. 2020 жылы алтын өндірісі  айтарлықтай өзгеріске ұшырайды деп күтілуде. Мəселен, биыл өнім көлемі 3,541 мың тоннадан аз болуы мүмкін», — деп болжауда Metals Focus сарапшылары.

Сала мамандары дүниежүзілік рецессияның зардабы əсіресе юниорлық компанияларға ауыр тию мүмкін деп есептейді. Өйткені, қазіргі күрделі кезеңде ағымдық жəне бұған дейін жоспарланған жұмыстарға қаражат тарту оңайға соқпайтыны анық.

«Əлемдік нарықтағы жағдай техникалық-экономикалық негіздемеден және жұмыс көлемін анықтау сатысында тұрған жобаларға да əсерін тигізеді. Болжамдарға сәйкес, бұл келісімшарттар  2024 жылға қарай алтынның әлемдік сұранысының 9,2% — ын қамту тиіс еді», — деп нақтылады консалтингтік компания мамандары.

Таяудағы бағаның құбылмалығына қарамастан қазір алтынның құны 2019 жылға қарағанда əжептəуір жоғарылады. Дəлірек айтқанда,  унциясы 1600 доллардан саудалануда. Бұл былтырғы межеден əлдеқайда жоғары екенін ескерсек,  (1393 долл/унция) биыл маржа ұлғайтылуы тиіс деп есептейді сарапшылар.

Сол секілді өндірушілердің шығындарды тұрақты бақылауын назарға алсақ, осы жылы кен орындарында алтын өндірісінің орташа өзіндік жиынтық  құны (AISC) шамамен унциясы 907 долларға дейін төмендейді. Оған ең əуелі АҚШ долларының күшеюі және мұнай бағасының құлдырауы әсер етеді. Оның нəтижесінде дизель отынына жұмсалатын шығындар қысқарады, делінген хабарламада.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, елімізде жер қойнауы туралы жаңа Кодекс қабылданған еді. Соның негізінде лицензия берудің австралиялық үлгісі енгізілді. Осы арқылы 621 лицензия берілгенін хабарлаған болатын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министірлігі. Жауапты орган салаға 50 млрд теңге көлемінде жеке инвестицияны тартуды көздеп отыр. Тұтастай алғанда, 2014-2018 жылдар аралығында бұл бағытқа шамамен 122 млрд теңге көлемінде шетелдік инвесторлардың ақшасы салынды. Олардың дені ресейлік іскерлік ортаға тиесілі.

Жақсылық Мұратқали

Facebook
Twitter
Telegram
WhatsApp
OK
VK
Ad

Другие новости