Импортты алмастыратын отандық өнімдер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі әрбір өнеркәсіп өнімін барынша тереңдетіп өңдеу және қоршаған ортаға зиянын тигізбей өндіру қажеттігін тапсырғаны белгілі. «Шұбаркөл көмір» АҚ – дәл осындай талап үдесінен шыққан кәсіпорынның бірі. Бір өнімді тереңдете өңдеп, одан елге аса қажет бірнеше қат дүние шығарып отырған кәсіпорын болашағынан көп үміт күттіреді.

Жақында еліміздің көмір өнер­кәсібі орын­дарының IV форумы өткені белгілі. «Шұбаркөл көмір» өндіріс ошағының ұжым басшылығы да аталған дәстүрлі іс-шараға қа­ты­сып, өз жетістіктерін жариялады. Табысты әріптестерімен ой бөлісіп, тың тәжірибелермен алмасты.

«Шұбаркөл көмір» – өзінің сипаттамалары бойынша бірегей, сапасы жоғары жылу көмірін өндіретін ірі кешендердің бірі. Компания өндіріс көлемінің тұрақты өсімін жыл сайын жалғастырып келеді. Өнеркәсіптің жоспарына елге пайдалы жаңалықтар ашу мен тау-кен өндіру көлемін жыл сайын ұлғайту кіреді екен.

Көмірді тереңдетіп өңдеу бағдарламасы

«Шұбаркөл көмірде негізгі өн­діріспен қатар көмірді терең өң­деу бағ­дарламасы бар. Өндірісті әр­тараптандырудың бірінші кезеңі 2006 жылы «Шұбаркөл көмір» өнеркәсіп алаңында төмен температуралы құрғақ айдау технологиясы бойынша арнайы кокс өндіретін зауыттың іске қосылуымен басталды. Зауыттың жалпы өндірістік қуаты 210 мың тонна өнімді құрады. Айта кету керек, бұл арнайы кокс өндірісі Қазақстан үшін бірегей және әзірге аналогі жоқ», деді «Шұбаркөл көмір» АҚ кокс өндірісінің директоры Сабыржан Иманбаев.

Баршаға белгілі, затты қалпына кел­тіруде арнайы кокс – ең жоғарғы сұ­ра­нысқа ие өнімдердің бірі. Қа­зақ­­станның арнайы коксқа деген сұранысы еліміздің тау-кен метал­лур­гиялық кәсіпорындары қа­уым­дас­тығының мәліметтері бойынша жылына 1 миллион тоннадан асады. Арнайы кокстың басым бөлігі Ре­сейден, сондай-ақ Қытайдан импорт­талып әкелінеді. Оның әр тон­на­сы­ның бағасы 68 мың теңгеден асып жығылады.

«Екі жыл бұрын болған Көмір өнер­­кә­сіп­терінің форумында кә­сіпорын орнында арнайы кокс шы­ғаратын жаңа зауыттың құрылысы басталғанын айттық. Зауыттың қуат­тылығы жылына 400 мың тонна өнімді құрайды. Жо­баға салынған инвес­тиция – 40 млрд теңге шамасында. Негізгі өнімге қо­сым­ша ретінде жылына 72 000 тонна көмір шайыры мен көмір майын өндіру де жоспарланған. Өндіріске шикізат ретінде Шұбаркөл кенішінің D сорт­ты көмірі алынады», деді кәсіп­орын директоры.

Бұл кәсіпорында өндіріс қауіп­сіз­дігін және қоршаған ортаны қор­ғау­ды қамтамасыз ететін ең заманауи технологиялар мен автоматика қол­данылады. Оның бәрі Қазақстан заңнамасының барлық нормасына толық сәйкес келеді. Ал көмір ша­йы­ры­ның бір тоннасының құны 80 мың теңгеге жуықтаса, көмір ма­йы­ның бір тоннасының бағасы 46 мың тең­геден асады екен.

Жаңа зауыттың құрылысы – ERG-дің им­портты алмастыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға қосқан үле­­сі. Осылайша, компания Еура­зия­лық Топ өндіретін ферро­хром­д­ағы қазақ­стандық компоненттің пайызын арттырады.

Зауыт ERG кәсіпорындарының ішкі қажеттіліктерін толығымен қам­та­­масыз етеді. Сонымен қатар өнімді экспорттау мүмкіндігін қарас­ты­рады. Зауыт биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Мұнда жаңадан 120 жұмыс орны ашылады.

Өндіріс өзін электр қуатымен қамтиды

«Арнайы кокс өндірісінің қо­сымша өнімі кокс газы. Ол тағы бір жаңа жобаны – «Кәдеге жарату электр стан­сасының құрылысын» жү­зеге асыруға негіз болуға тиіс. Жоба­­ның негізгі мақсаты – желіге электр қуатын беру мүмкіндігімен ар­тық калориялы кокс газын кәдеге жарату арқылы Шұ­бар­көл көмірдің қажет­тіліктері үшін электр энергия­сын өндіру. Электр стан­сасының бол­жам­ды қуаты – 80 МВт», деді С.Иманбаев.

Бұл жоба бойынша атмосфераға парниктік газдар шығарындыларын азайтудың арқасында экологиялық мәселе шешімін табады. Сондай-ақ электр энергиясын өндіретін электр стан­саларында ілеспе кокс газын пай­далану арқылы қосымша пайда алуға қол жеткізіледі. Электр стансасы заманауи, тиімділігі жоғары генерациялау технологияларын қолдану арқылы тұрғызылады. Қазіргі уақытта әзірленген ТЭН негізінде электр энергиясын өндірудің оңтайлы нұсқасын таңдап, оны еліміздің энергетикалық жүйесіне беру жүзеге асырылып жатыр.

Отандық технологтердің табысы

«Бүгінде «Шұбаркөл көмір» базасында жүзеге асырылып жатқан тағы бір ауқымды жоба – отандық тех­нологтер әзірлеген технология бо­йын­ша кокс цехы базасында арнайы кокс ұсақтарынан белсендірілген кө­мір өндіруді жалғастыру. Нысан­ның өндірістік қуаты жылына 1 000 тонна белсендірілген көмірді құрай­ды. Кәсіпорын жаңа және ТМД елде­рінің аумағында баламасы жоқ. Бел­сен­ді­ріл­ген көмірдің қолдану аясы өте кең: гидрометаллургиялық, алтын өндіру, фосфат өнеркәсібі, су тазарту, тағы да басқа салаларда.

Расында, оған сұраныс жоғары (жылына 7 мың тоннадан астам) барлық белсендірілген көмір Қа­зақстанға шетелден импортталады. Сондықтан біз импортты ал­мас­тырудың негізгі мәселесін осы өнім­ді шығару арқылы шешуді көз­деп отырмыз», деп сөзін жалғады баян­дамашы.

Арнайы кокс ұнтақтарынан бел­сен­­дірілген көмір өндіру диверси­фи­­­кацияның екінші кезеңі екенін атап өткен жөн. Сонда өндіріс оша­­ғы қосылған құны көмірдің ба­ға­сынан екі есе жоғары өнім шы­ғарады. На­рықта белсендірілген кө­­мірдің бір килосы – 500 теңге ша­­масында.

 Экологиялық таза тыңайтқыш

Кәсіпорын жақында тағы бір өнім шығара бастады. Оның шикізаты – Шұбаркөл кен орнының көмірі. Бұл – гуматтар ауыл шаруашылығында ке­­­ңі­нен қолданылатын, құнарының пай­дасы дәлелденген тыңайтқыштар. Гуминді тыңайтқыш (нат­рий гуматы) Шұбаркөл кен ор­ны­ның тоз­ған көмірінен алынады. Оның құ­­рамында органикалық заттары бо­йынша 91%-ға дейін гумин қыш­қылдары бар.

Бұл – қоқыстарды кәдеге жарату мәселесін шешуге көмектесетін ма­ңызды экологиялық жоба. Өйткені бұрын тозған көмір үйінділерде сақ­талып, жаңа нарықтарға шығу­ға мүм­кіндік береді. Гуминді тыңайт­қыш­тың бір литрінің нарықтағы баға­сы 400 теңгеден асады.

Алынған өнім ауылшаруашылық нарығында ең сұранысқа ие қажет­ті­лік­­тің біріне айналады. Аталған өнер­­кәсіп бұл өнімін Астана мен Ал­ма­­тыда өткен мамандандырылған көр­мелерде шаруаларға кеңінен таныс­тырған еді.

 Тағы бір тың жоба

«Қазір көмірді терең өңдеудің тағы бір бағытын – көмір шайырының қал­дық­тарынан көміртекті талшық­ты өндіруді қарастырып жатыр­мыз. Көміртекті талшықтың не­гізгі қол­­данылуы әскери және аэро­­ға­рыш өнер­кәсібінде (жеңіл ұшақ­тар өн­дірісінде), автомобильдер, оқ­шау­лағыш материалдар, жоғары тем­пе­ратуралық сүзгілер өндірісінде, спорт саласында (таяқтар, ракеткалар, шаң­ғылар, ескектер және тағы да бас­қа­лары) құрылыс саласында (арматура және рамалық көпірлерді өндіру) және тағы басқа заттар шығаруда қол­­­­данылады», деп сөзін түйіндеді С.Иманбаев.

Ол сондай-ақ «Жаңа энер­ге­ти­калық парадигма жағда­йында кө­мір саласын дамыту мүм­кін­дік­тері» тақырыбында өткен форумды ұйым­дастыруға қол­дау білдіріп, іс-шараға ұйытқы болған ERG және «Богатырь Көмір» ЖШС ұжымдарына алғысын айтты.

«Шұбаркөл көмір» негізгі қызметі – жоғары сапалы көмір өндіру көлемін ұлғайтып қана қоймай, өндірісті әр­тараптандыруды және көмірден жаңа өнім алу тәжірибесін одан әрі жал­ғас­ты­ра беру.

Осындай ауқымды жобалардың сәтті жүзеге асуы кәсіпорында жаңа жұмыс орындарын ашып, ел экономикасына қомақты үлес қосатыны анық.

Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ

https://egemen.kz/article/346613-importty-almastyratyn-otandyq-onimder

Facebook
Twitter
Telegram
WhatsApp
OK
VK
Ad

Другие новости