Пандемия басталғалы елімізде геология және жер қойнауын пайдалану саласында 500-ден астам юниор компания құрылып, бұл геологиялық барлауға салынған инвестициялардың айтарлықтай өсуіне әсер етті. Бұл туралы Minex Kazakhstan – 2022 халықаралық форумында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Руслан Баймишев айтты.
Жер қойнауы туралы кодекс қабылданған сәттен бастап геологиялық барлауға 1 600-ден астам лицензия беріліп, жаңа барлау нысандарына байланысты инвестициялық міндеттемелердің көлемі жер қойнауына геологиялық зерттеуге бөлінген бюджеттік қаражаттан асып түсті. Бұдан бөлек геологиялық барлауда 75 мың шаршы шақырымдай жаңа аумақ қамтылды.
Сонымен қатар Индустрия министрлігі қатты пайдалы қазбалардың барлық кен орнына тексеру жүргізіп жатыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес лицензиялық-келісімшарттық міндеттемелерді орындамаған жер қойнауын игерушілерге бұзушылықтар туралы хабарламалар жіберіліп, келісімшарттағы міндеттер орындалмаған жағдайда лицензияларды бұзу бойынша шаралар қабылданады. Нәтижесінде пайдаланылмайтын келісімшартты аумақтар заңнамада белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукциондар арқылы жаңа инвесторларға беріледі. Тек жыл басынан бері осындай жолмен 31 келісімшарт бұзылып, 3 лицензия кері қайтарылды.
«Жер қойнауы туралы кодекстің өтпелі ережелеріне сәйкес аукциондарды өткізу мерзімі осы жылы аяқталатынын атап өткен жөн. Бірақ «Минералды ресурстардың ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесінің ұзақ әзірленуіне байланысты аукциондарды өткізуді ұзартып, сондай-ақ адал инвесторлардың қатысуын қамтамасыз ету үшін қосымша талаптар (кепілдік жарна) енгізуге қатысты жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Жер қойнауы туралы кодекстің жаңа модельдің негізінде қабылдануы ірі ойыншыларды, атап айтқанда Ұлыбритания, Аустралия, Канада және басқа елдердің тау-кен компанияларын тартуға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде тау-кен саласының озық әлемдік тәжірибелерінің елімізде іске асып, бәсекелестіктің артуы мен инвестициялық имидждің жақсаруына септеседі», деді Р.Баймишев.
Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының (ТМКҚ) атқарушы директоры Николай Радостовецтің айтуынша, минералдық-шикізат базасы нашарлап, қорларды толықтыру коэффициенті төмен деңгейде тұр. Өндірістің өзіндік құны ұлғайып, өнеркәсіптік инфляция жүріп жатыр.
Бұған қоса 2023 жылдан бастап жұмыс берушілерге міндетті зейнетақы жарналарын аудару тәртібі қолданылса, 2025 жылдан бастап Озық қолжетімді технологияларды енгізу тетігі іске қосылады. Сала өкілдері 2026 жылы Еуропалық одақтың көміртегі салығын енгізетініне алаңдаулы. Себебі экологиялық жүктемені азайту шаралары үлкен қаржылық шығындарға әкеледі.
Алайда ең бастысы, қауымдастық өкілдерін отандық өнімдерді қайда апарып, қалай және қандай бағамен сататыны толғандырады.
«Кейінгі апталарда бірқатар компанияның өндіріс көрсеткіштері төмендеп жатқанын байқап отырмыз. Санкциялық шектеулердің енгізілуі жағдайында теңіз порттарына экспорттық жүктерді ілгерілетудің балама жолдарын қарастыру маңызды», деді Н.Радостовец.
Осы ретте қауымдастық өкілдері ұзақмерзімді болашаққа мемлекетаралық келісімнің негізінде Қытайға өнім тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейтуді қарастырып, сондай-ақ құжаттарда кепілдендірілген тарифтер мен тасымалдау көлемдерін белгілей отыра қазақстандық жүктерді Ақтау порты арқылы Әзербайжан, Грузияға ілгерілетуге байланысты үкіметаралық келісімге қол қоюды ұсынды.
Ресей, Әзербайжан, Грузия арқылы жүктерді тасымалдау мәселесін талқылай келе сала өкілдерін темір жолмен тасымалдау мүмкіндіктері, атап айтқанда, «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұл мәселені реттеу амалдары, сол секілді бұл бағытта санкцияға ұшыраған ресейлік темір жол компанияларына қаншалықты сенуге болатыны мазалайды. Қауымдастық осы жұмыстарға локомотивтер мен жылжымалы құрамы бар жеке операторларды тартуды ұсынды.
«Жеке локомотивтері мен вагондары бар отандық компанияларға қазақстандық жүктерді тасымалдауға рұқсат беру үшін осы мәселені Ресей, Әзербайжан және басқа да елдермен мемлекетаралық деңгейде пысықтау қажет. Ертеңге сеніммен қарап, алаңдамай жұмыс істеу үшін оларға осындай басымдық берген артық болмайды деп санаймыз», деді ТМКҚ-ның атқару директоры.
Кейінгі бірнеше айда Қазақстанның тау-кен кәсіпорындары тарапынан бюджетке түсетін түсімдерді арттыру мәселелері белсенді талқыланып, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық мөлшерлемесін 1,3 есеге көтеру ұсынылып отыр. Бұл ретте таяу бес жылда отандық тау-кен секторында 3 трлн теңгеден астам сомаға жаңа жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Кеншілер мен металлургтер бюджетке қосымша ақы төлеп қана қоймай, керісінше 2022 жылдың қорытындысына сәйкес, 2020 жылға қарағанда бюджетке 20-30%-ға артық қаражат аударған. Бұл қолданыстағы салық жүйесі тиімді жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді дейді сала өкілдері.
Жақсылық Мұратқали