Тау-кен кәсіпорындары Үкіметтен көмек сұрайды

Ресейге салынған санкциялар Қазақстандағы тау-кен кәсіпорындарының жұмысын қиындатуы мүмкін. Бұл туралы Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, Ресейге салынған санкциялар отандық тау-кен кәсіпорындары өндірген минералды шикізаттарды шетелге тасымалдауға және техникаларға қажет қосалқы бөлшектерді елге жеткізуде кедергілер тудыруы мүмкін.

«Бүгінде біздің тұтынушыларға металды жеткізу бағыттары өте маңызды болып тұр. Сондықтан бізге жүктерді жеткізу үшін балама жолдар керек. Қазіргі таңда Ақтау порты арқылы жүктерді Әзербайжан, Грузия және басқа да елдерге жеткізу үшін бұл мәселені Үкіметпен талқылап жатырмыз. Қытайға арқылы жүк ағынын көбейту үшін бізге үкіметаралық келісім қажет», – деді Николай Радостовец елордада өтіп жатқан MINEX Kazakhstan-2022 форумының кулуарында.

Осыған байланысты ол Үкіметтен көмек сұрады.

«Біз Үкіметке бұл мәселені бірінші кезекте қарастыру керек деп отырмыз. Себебі бізге тек «жасыл дәліздер» ғана емес, жаңа дәліздер де қажет. Олар бойынша қанша жүк өткізуге болатынын және тарифті анықтау керек. Егер тариф өте жоғары болса, біз бәсекеге қабілетті бола алмаймыз», – деді қауымдастықтың атқарушы директоры.

Николай Радостовец бүгінде Ресейдің темір жолдарына санкция салынғанын, олар арқылы жүк тасымалдау қиын екенін жеткізді.

«Сондықтан біз «Қазақстан темір жолы» АҚ жұмысын тиімді ұйымдастырады деп үміттенеміз. Сондай-ақ жүктерді тасымалдау үшін салаға локомотивтері мен вагондары бар жеке операторларды тарту қажет. Біз үшін бірнеше ай ғана емес, жылдың соңына дейін қазіргі және жаңа бағыттар бойынша жүктерді қалай тасымалдайтынымызды білу маңызды», – деп түйіндеді сөзін басшы.

Дәурен Ерболат

Facebook
Twitter
Telegram
WhatsApp
OK
VK
Ad

Другие новости

Оставьте комментарий